Бизнес жаһан жұртшылығы арасында ертеден қалыптасқанымен, ТМД елдері бұл қозғалысты өз тәуелсіздігімен байланыстырады. Кәсіпкерлік дегеніміз – жеке және заңды тұлғалардың, тұтынушылардың қажеттілігін қаражаттандыру және пайда табу мақсатында атқаратын қызметін айтамыз. Әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде кәсіпкерлік көптеген қоғамдық қатынастарды қамтиды. Сонымен, кәсіпкерлік— жаңа мүмкіндіктерді іздеу, жаңа технологияны пайдалану, капиталды жұмсаудың тың салаларын іздеу, ескі ойлау шеңберінен шығу. Былайша айтқанда, өндірістің түрін ашып дамыту, қызметтер мен тауарлардың жаңа түрлерін шығару мақсатында ұйымдастыру құрылымдарын өзгерту, жаңарту және өркендету туралы болып отыр. Барынша көп табыс келтіру-кәсіпкерлік жұмыстың қозғаушы факторы. Көп жағдайларда тек осы тұрғыдан ғана іс ұйымдастырылып, одан әрі кеңейтіледі. Бірақ нарық жағдайында белгілі бір өзгерістер кәсіпкерлікпен айналысуда қиындықтар мен кедергілерге алып келеді. Біздің елімізде мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жағдай жасағанына қарамастан, жергілікті жерлерде негізсіз тексерулер мен қолбайлау кедергілер әлі де болса баршылық. Әрине, әрбір заңды тұлғаның негізгі қажеттілігін өтеу мақсатында нақты істі алға бастыру үшін қоғамдық кеңестер мен кәсіп иелеріне заңды көмек көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Сондай ақ кәсіпкерлікті дамытуда және құқықтарын қорғауда Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы жұмыс істейді.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бүгінгі заманның басты талабы деп түсінуіміз керек. Бізде халыққа қызмет көрсету түрлері жеткілікті. Халықтың қажеттілігі үшін заманауи қызмет түрлерін дамытып отырған кәсіпкерлердің өзі кей ретте өз құқығын қорғай алмай жатады. Ол тек заңда керекті нормалардың болмауынан емес, біздегі кей органның заңды белден басуынан туындап жатады. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басты атқаратын қызметі бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғау болып саналады. Осы бағыттағы «Атамекеннің» негізгі серіктесі ол – прокуратура. Кәсіпкерлік субъектілерінің заңдық мүдделерін қорғау жолында өңірлік палата тарапынан үздіксіз жұмыстар атқарылып келеді.
Осы тұста Түркістан қаласының прокуратурасы мен Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және оларға мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері бойынша кезекті бірлескен кездесу ұйымдастырды.
Кездесуге уәкілетті мемлекеттік органдардың басшыларымен қатар қаланың бизнес өкілдері шақырылып, 15 жуық кәсіпкер қатысты.
Кездесуде жауапты лауазымды тұлғалардың осыған дейінгі жиналыстарда көтерілген кәсіпкерлік субъектілерінің проблемалары бойынша есептері тыңдалып, жергілікті атқарушы органдардың бизнеске қолдау көрсетудегі өзекті сұрақтары талқыланды.
Атап айтқанда Түркістан қаласының индустриялық аймағын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және қала аумағында стационарлық емес сауданы ұйымдастыру мәселелері бойынша қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары есеп берді.
Сонымен қатар кездесу барысында мектеп асханаларында балаларды тамақтандырумен айналсатын кәсіпкерлердің проблемалары талқыланды.
Қала прокуроры Ж.Ахметбек барлық көтерілген мәселелер бойынша лауазымды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.