Бүгінгі таңда еліміздің экономикасындағы маңызды саясаттың бірі әлеуметтік саладағы саясат болып табылады. Бұл саясат адамдардың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты, сондықтан да әлеуметтік мәселелер мемлекеттік басқаруда аса маңызды орын алады. Әлеуметтік саясаттың бір тармағы тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады.
Түркістан облысында «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан қаласында тұрғын үй кешендерінің саны артып келеді. Мәселен, Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 190 пәтерден тұратын 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталып, тұрғын үйге осы жылдың қазан айында Түркістан облысы аумағында тұратын, тұрғын үй кезегінде тұрған «Отбасы банк» АҚ-ның салымшылары тарапынан конкурсқа өтінімдер қабылданатын болады.
Білім беру саласында мектептердің құрылысын жүргізу жоспарланған. Түркістан қаласында жаңа оқу жылына орай 2 мектеп салынып, пайдалануға берілді.
Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға арналған 12 нысанның құрылысы қолға алынды. Жыл қорытындысымен 4 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Қалған 8 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Түркістан қаласында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша 39 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 4 нысан пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 14 нысанның құрылысын аяқтау көзделіп отыр.
Облыс аумағында абаттандыру және саябақ құрылысы бойынша 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі күнге 1 нысанның (Яссы көшесі бойындағы желілік саябақ, 3-кезек) құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін 3 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Түркістан қаласының дамуымен қатар, аймақта спорт нысандарының құрылысы да қолға алынған. 23 спорт нысанының құрылысы жоспарланып, оның 3-і пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 11 жобаны аяқтау жоспарланған. Қалған 9 нысан келесі жылы пайдалануға тапсырылады.
Барлық аталған жобалар Түркістан облысының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Түркістан қаласы мен облыс тұрғындары үшін бұл игілікті бастамалар әлеуметтік жағдайды жақсарту мен өмір сүру сапасын арттыруға зор үлесін қосады.