Түркістанда «Қажымұқан» атты көркем фильмнің премьерасы өткізілді

«Қажымұқан» атты

Түркістан қаласында режиссер Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан» атты тарихи фильмінің көрсетілімі өтті. Бұл шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, фильмнің авторлары мен актерлері, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Фильмнің таныстырылымы «Turan mall» сауда орталығындағы «Prime Сinema» кинотеатрында өтті.

– Шығармашылық топты тарихи туындымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан төрт жыл бұрын түсірілімі басталған фильм бүгін еліміздің барлық кинотеатрынан көрерменге жол тауып отыр. Біз осылайша Қажымұқанның өмірімен өскелең ұрпақты таныстыра аламыз. Оның жетістіктерін ұлықтай отырып, үлгі алуымыз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Фильм 2019 жылы түсіріле басталып, бүгінгі таңда еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Бұл туынды арқылы жастарға қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны, француз күресінен әлем чемпионы атанған Қажымұқан Мұңайтпасұлының үлгісі көрсетілуде.

Көрсетілім алдында шығармашылық топ қызыл кілеммен жүріп өтті. Режиссер Қанағат Мұстафин, Қажымұқан рөлін сомдаған Ербол Төлепберген, Қажымұқанның жары рөліндегі Жазира Еркін және фильмнің продюсерлері – Бауыржан Құлмырзаев, Нұржан Жұманов көрермендермен тілдесіп, түсірілім барысы жайлы баяндап берді. Режиссер 2012 жылы фильм сценарийіне кіріскенін, тақырыпты зерттеудің 10 жылдан астам уақытқа созылғанын айтты.

Фильмде Қажымұқанның мықтылығы, оның өз заманының ең үздік балуандарын жеңуі көрсетілген. Ол Париж, Лондон, Берлин, Ыстамбұл, Буэнос-Айрес және Чикаго сияқты қалаларда спорт әлемінің жұлдыздарына айналған. Тарихи туынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

 «Қажымұқан» фильмі тек спорттық жетістіктермен шектелмей, дала батырының халқына деген сүйіспеншілігі, сол замандағы саясат және елдің ауыр жағдайы туралы да баяндайды. Бұл фильм арқылы көрермендер Қажымұқан Мұңайтпасұлының тарихын, оның тұлғасын және оның халқына жасаған еңбектерін терең түсінеді.

Тарихи тұлғалардың өмірі мен ерліктерін дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту бүгінгі күні аса маңызды. «Қажымұқан» фильмі осы міндетті орындап, қазақ халқының мәдениетінде маңызды орын алады. Түркістан қаласында өткен көрсетілім халықтың жоғары қызығушылығын тудырып, тарихи фильмдерге деген сұраныстың артуына себепші болды.

Фильмнің мазмұны мен тарихи маңызы еліміздің мәдени өмірінде үлкен рөл атқаратыны анық. Қажымұқанның батырлығы, еңбекқорлығы және халқына деген сүйіспеншілігі бүгінгі күннің жастарында да үлгі болуы тиіс.