Түркістанда «Ұстазға тағзым» атты ерекше іс-шара өтті

ұстазға тағзым

Түркістан қаласында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Ұстазға тағзым» тақырыбында ерекше іс-шара ұйымдастырды. Бұл шара университеттің 80 жылдық мерейтойы аясында өткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады». Президент ұстаздардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге айрықша көңіл бөлу керектігін атап өткен болатын.

Шараның негізгі мақсаты – университет түлектерінің арасында байланыс орнату, сондай-ақ, ұстаздардың еңбегін бағалау. Түркістандағы облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен кездесуде білім беру саласындағы жетістіктер мен кәсіби жолдарын ұлықтау мәселелері талқыланды. Жиынға университеттің бұрынғы түлектері, педагогика саласында еңбек етіп жүрген мамандар, оқу орнының қазіргі студенттері қатысты.

Университеттің ректоры Қанай Гүлмира іс-шараны ашып, ұстаздардың білім беру жүйесіндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, университеттің дамуына үлес қосқан зиялы ұстаздардың жетістіктері мен ғылыми-педагогикалық қызметтерін насихаттау, жастарды олардың ізімен жүруге шақыру мақсатында сөз сөйледі.

Шара барысында физика және математика факультетінің 1994 жылғы түлегі Қалдарова Болғанай, филология факультетінің 1973 жылғы түлегі Әділханова Айнагүл, жаратылыстану факультетінің 1961 жылғы түлегі Кульбаева Райхан және доцент, жаратылыстану институтының директоры Байташева Гаухар сынды ұстаздар өз пікірлерімен бөлісіп, экологиялық сананы қалыптастыру, педагогика ғылымының даму перспективалары, мұғалімдердің мансап жолдары мен мүмкіндіктері жайлы сөз қозғады.

Бұдан бөлек, шарада зиялы ұстаздар қауымын марапаттау рәсімі өткізілді. Университеттегі оқу ордасының ұстаздары мен түлектеріне құрмет көрсетіліп, олардың білім мен ғылымның дамуына қосқан үлестері ескерілді. Мұндай іс-шаралар университеттің дәстүрін жалғастырып, білім беру жүйесіндегі жетістіктер мен алдағы жоспарларды талқылауға мүмкіндік береді.

 «Ұстазға тағзым» атты кездесудің маңызды ерекшелігі – болашақ мамандарға «ұстаз» деген ұлы сөздің маңызын ұғындыру, жауапкершілікті сезіндіру, сондай-ақ, ұлттық ғылым-білімнің өткені мен бүгінгісін, болашағын талқылау болды. Жастардың экологиялық санасын қалыптастыру, ғылыми әлеуетін көтеру, білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан ұстаздарды еске алу шараның басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленді.

Жалпы, аталмыш іс-шара білім мен ғылымның дамуына үлкен үлес қосқан ұстаздарды ұлықтап, олардың жетістіктерін жастарға таныстыруда тамаша мүмкіндік болды.