Әйел құқығы – еліміздегі басты мәселелердің бірі. Түркістандық полицейлер гендерлік саясатты нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, әйелдердің құқығын қорғау мақсатында басқа да тиісті орындармен бірлесіп, белсенді жұмыстар атқаруда. Осы орайда Түркістан облысы Полиция департаменті бастамасымен аймақта «Әйел құқығы-бұл адам құқығы» тақырыбында тренинг сабақтар жиі өткізілуде. Бұл тақырып төңірегінде кезекті бір тренинг Түлкібас аудандық кітапханасында болып өтті. Бұл шараны Түлкібас АПБ әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Гүлбану Есенқұлова мен «Заң талабы»құқық қорғау бірлестігінің ұйымдастырып, аудандық білім беру мекемелерінің психолог мамандары қатыстырылды. Аталған тренингте әйелдердің құқығының қорғалуы, олардың қоғам алдындағы дәрежесінің сақталуы аясында заңда көрсетілген ережелер түсіндірілді. Сонымен қатар психологиялық тұрғыдан зорлық зомбылық көрген әйелдерді қалай анықтау және оларға дер кезінде қандай көмек көрсету керектігіне тоқталды. Бұл ретте әлеуметтік сүйемелдеу мен дағдарыс орталықтарының атқаратын жұмыстарын атап өтті. Өз кезегінде полиция аға лейтенанты Г.Есенқұлова Қазақстан Республикасының Конституциясының 14 бабында көрсетілген яғни «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.» делінген сөзімен тренингті аяқтады.
ТО ПД баспасөз қызметі