2023 жылдың 18 ақпаны күні 18:00-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды.
Барлық деңгейдегі округтік сайлау комиссиялары бүгін кешкі 18:00-ден кейін өткізген өздерінің кезекті отырыстарында кандидаттарды тіркеуге байланысты жүргізілген жұмыстарын сараптап, кандидаттарды тіркеу жұмыстарын толықтай аяқтағандары бойынша хаттамалар толтырды.
2023 жылдың 18 ақпаны 18:00-ден бастап барлық деңгейдегі депутаттыққа кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары басталды. Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқықтарын қамтамассыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) кандидаттарға сайлаушылармен кездесу үшін облыс бойынша 330 үй-жай белгіленді.
Анықталған орындар мен үй-жайлар туралы хабарламалар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әкімдіктердің сайттарында орналастырылған.
Аудандық, қалалық аумақтық сайлау комиссиялары аудан әкімі аппараттарымен бірлесе отырып бөлінген үй-жайларда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасау үстінде. Осы кестелер ертеңнен бастап міндетті түрде сайлау комиссияларының интернет ресурстарда және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.
Сонымен бірге, облыс бойынша кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін жалпы 646 орын белгіленген, оның ішінде облыс орталығында — 10, аудандарда – 636.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы сайлауға қатысудағы барлық партиялар өкілдеріне және кандидаттарға сайлау алдындағы үгіт жүргізу жұмыстары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27 бабымен реттелетіндігін және де оның қандай да бір болмасын талаптарын бұза отырып сайлау алды үгіт жұмыстарын жүргізу кандидаттар үшін – кандидатты тіркеу туралы шешімінің күшін жоюға дейін әкеп соғатындығын назарларына жеткізеді.