Елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты. Түркістан облысында нөсер жауынның соңы су тасқынына ұласқан табиғи сипаттағы жағдай қалпына келе бастады. Тұрғындар үйлерін оралуда. Апаттың алдын алуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ел үлкен апаттан аман қалды. Бұл туралы бүгін Түркістан облысына үкіметтің тапсырмасымен арнайы келген төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге ауыл тұрғындарымен жүздесіп, бір тәуліктен бері тұрғындарға көмек беріп жатқан еріктілермен кездесті. Юрий Ильин Сауран ауданының төрт елді мекенінде су басу салдарын жою барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
– Облыстық әкімдіктің, жергілікті атқарушы органдардың дер кезінде жасаған үйлесімді жұмыстарының нәтижесінде, ауыл әкімдері мен құтқарушылардың жұмылуынан үлкен апаттың алдын алынды. Қар мен жаңбырдың мөлшерден артық түсуінен, ауа райының күрт жылынуы салдарынан өңірде елді мекендерді су басу қаупі расында жоғары болды. Бұл туралы айтылған алдын ала болжам расталды. Алдын алу жұмыстары өз нәтижесін берді. Су келген ауылдарды көріп, тұрғындармен кездестім. Бірқатар аулаларға су келген. Олар ретке келтірілген. Зардап шеккен ауылда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Онда шығынды жергілікті бюджеттен өтеу мәселесі қаралады. Ешкім көмексіз қалмайды, – деді ол.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы шығын көлемін анықтау үшін Кентау мен Сауран ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс көтерген болатын. Ұсыныс зерделеніп жатыр. Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары үйлеріне оралуда. Келтірілген залалды бағалау бойынша облыс әкімдігі тарапынан комиссиялық аралау ұйымдстырылған. Өңірдегі өзен-көлдердің арнасынан аспауын қыс басталғалы сала мамандары тәулік бойы бақылауға алған. Нөсер жауыннан заржап шеккен ауылдардағы аулалар судан тазартылып жатыр. Аққан су су арналарына бағытталып, құм салынған қаптарды төсеу және су бұру, арналарын тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Жедел штабтың мәліметінше, Ордабасы ауданындағы елді мекендегі су сорылған. Жақын арада министр Арыс және Кентау қалаларында, Бәйдібек және Созақ аудандарында болады. Қазіргі уақытта инертті материалдары бар 15 мың данаға жуық қап салынған. Арыс өзенінде 3 гидрологиялық бақылау бекеті қойылған.
Жыл басынан бері төтенше жағдайға жауапты органдар мен күштер алдын ала дайындалып, қауіп жоғары аймақтары анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданды. Аудан, облыс басшыларының ерте қолға алған жұмыстарының арқасында су басу қаупі мен қаупі төмендеді. Жұмыс жалғасуда.
Қазіргі уақытта суды бұру жұмыстары жүргізілуде. 200-ге жуық аула судан босатылды. Жалпы 85 аула аумағынан 200 текше метр су сорып шығарылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі