Бүгінгі таңда карантин талаптарын бұзып, той жасаушылар саны күннен-күнге өсуде деп хабарлайды ТО ПД-ның баспасөз қызметі . Осы тұста Түркістан облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысында көрсетілген карантин талаптарын бұзған Ордабасы ауданының тұрғыны анықталды. Ордабасылық полицейлердің тұрақты түрде жүргізіп жатқан рейдтік жұмыстарының барысында күндізгі сағат 14:30 шамасында өзінің үйінде «Құдалық» тойын жасап жатқан тұрғынды анықтады. Аталған тойға 50-ден астам туыстары жиналған. Сонымен қатар екінші бір тұрғын өзінің үйінде келін түсіріп, 40-тан астам тұрғынға «Беташар» тойын жасаған. Аталған жайттарға байланысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша іс-құжаттарды жинақтап, тиісті мекемеге жолдады. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.