Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режимі енгізілгені баршаға аян. Бұл сәтте Түркістан облысының полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Осынау қиын кезеңдерде полицейлер, арнайы қойылған блок бекеттерде кірпік ілместен күзетіп, облыс аумағына кіріп-шығып жатқан әрбір көлік, жолаушыны жіті тексеруде. Сондай-ақ тәртіпке бағынбай, заңға қайшы өрескел әрекет жасаушыларды анықтап, шара көруде. Мәселен блок бекеттерде 14307 көлік тоқтатылып тексерілсе, айыптұраққа 100-ден астам көлік қойылды. Ал Полицияға жеткізілген адам саны 1220. Облыс бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 863 жайт анықталды. Оның ішінде 47 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл салынды. 73 азаматқа ескерту беріліп, 2 азамат әкімшілік қамауға алынды. Бұл құқық бұзушылық жасаған азаматтардың кейбірі жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүрсе, кейбірі коменданттық сағат кезінде тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде болғаны үшін жауапқа тартылған.Оған қоса ҚР ӘҚБтК-нің 478-бабымен «Төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер» 8 дерек анықталды. Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша «Бейбіт митинг туралы заңды бұзу» 8 жайт анықталып, 1 тұрғынға ескерту берілді. 6 адам қамауға алынып, 1 тұлғаға айыппұл салынды. Ескерте кетсек, енгізілген коменданттық сағат кезінде, яғни сағат 23:00-ден 07:00 дейін азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Сондықтан барша облыс тұрғындарына айтарымыз, төтенше жағдай кезінде жеке басын растайтын және көлік құжаттары әрбір азаматта өзімен болуы тиіс. Сондай-ақ полицейлердің заңды талабына бағыну маңызды.Ал облыс орталығы — Түркістан қаласы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша 65 жайт анықталды. Оның ішінде 41 тұрғынға соттың шешімімен әкімшілік айыппұл салынды. 20 азаматқа ескерту берілді. Сотта 4 іс қаралу үстінде. Осындай қиын сәтте тұрғындарға сабырлы болып, заң талаптарын сақтауларын сұраймыз. Белгіленген шектеулерге мойынсынып, тәртіпке бағыныңыздар. Артық үйден шықпаңыздар.
ТО ПД баспасөз қызметі