Түркістан облысында өрттің алдын алу – қауіпсіз қоғам кепілі

өрттің алдын алу – қауіпсіз қоғам кепілі

Өрт қауіпсіздігі — әр азаматтың ортақ міндеті. Түркістан облысында жыл сайынғы ауа райының құрғақ әрі ыстық болуына байланысты өрт шығу қаупі өте жоғары. Әсіресе жаз айларында дала өрттері, тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарындағы өрттер жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрғындар тарапынан қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.

Өрт оқиғаларының туындауына мынадай негізгі себептер әсер етеді:

Электр құралдарын дұрыс пайдаланбау;

Пеш пен газ құрылғыларын қауіпсіздік ережесін сақтамай пайдалану;

Қоқыс пен құрғақ шөпті рұқсатсыз жағу;

Орман алқаптарында от жағу немесе темекі тұқылын тастау;

Балалардың отпен ойнауы;

Облыс аумағында 2025 жылдың 6 айында 203 өрт дерегі тіркелді. Тілсіз жаудың кесірінен  жалпы құны 444 млн 403 мың теңге материалдық шығын келген. Бұл туралы облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков мәлімдеді.

«Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында тілсіз жаудың себебінен 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Департаментпен Мемлекеттік өрт бақылау саласында облыс аумағында сауда саласына тиесілі 31 144 нысан есепке алынған. 2025 жылғы жоспарға сәйкес 4 сауда нысаны тексеріліп 75 құқықбұзушылық анықталды. Базар иелеріне кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, орындалуы бақылауға алынды. Департаменттің мемлекеттік инспекторларымен және жеке кәсіпкерлік нысандарына белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, биылғы жылы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себепті 14 өрт орын алып, өрттен келген материалдық шығын 143 млн. теңгені құрады»-деп баяндады сала маманы.

Түркістан облысында өрттің алдын алу – тек құтқарушылардың емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Өрт салдарынан адам өміріне қауіп төнуімен қатар, тұрғын үй, мал-жан, табиғат және шаруашылық нысандары зардап шегеді. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін сақтау – болашақ қауіптің алдын алудың басты кепілі.