Түркістан облысында 2024 жылдың 9 айында облыс бойынша 5 кәсіпорында 402 жұмыскер алдында 204,1 млн.теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар беру арқылы 102,9 млн. теңгесі өндіріліп, 358 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Бұл туралы облыстың бас еңбек инспекторы Берік Ибадуллаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде баяндады.
– Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 039 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Осы арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 151 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 262 заң бұзушылық анықтадық. Анықталған заң тәртібіне бағынбаушылық негізінде 122 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 25,5 млн. теңге көлемінде 798 хаттама толтырылып айыппұл салынды, — деді Берік Серікбайұлы.
Одан бөлек, спикер 2024 жылдың 9 айында өңірде еңбек жанжалы орын алмағанын жеткізді. Әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелі бар 157 кәсіпорын анықталып, олармен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, биыл жыл басынан өңірде 29 өндірістік жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 37 адам зардап шегіп, 6 адам қайтыс болған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі