Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы орталық мешітінде рухани маңызы бар іс-шара өтті. Оған Кувейт мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Омар Ахмет Әль-Қандари, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов, Қазақстандағы халықаралық ислам қайырымдылық ұйымының директоры А.Мохамед Али, ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша бас имамы Е.Төлепов, Түркістан облысы дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлы, Қазақстандағы халықаралық ислам қайырымдылық ұйымының қызметкерлері, ҚМДБ-ға қарасты қайырымдылық мекемелерінің директорлары, қала, аудандағы бас имамдары қатысты.
Маңызды басқосуда сөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аталған шараның маңыздығына тоқталып, қадірлі меймандарға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының алғысын жеткізді.
– Киелі Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Түркістан – сан ғасыр бойы түркі әлемінің маңызды орталығы болған. Бүкіл түркі дүниесіне әйгілі ойшыл, ұлы ұстаз – Қожа Ахмет Ясауи осы шаһарда өмір сүрген. Оның хикметтері, діни-философиялық туындылары адамзат ойының асыл жауһары болып саналады. Өзінің «Диуани хикмет» еңбегі арқылы күллі мұсылмандар үшін қасиетті Құран кітабын түрік тілінде сөйлете алды. Бүгінде Құранды жаттауға ықылас танытып, ниет білдіргендер саны күннен күнге көбейіп келеді. Оларға қолайлы жағдай жасап, тиімді тәсілдермен дәріс беру – дін қызметкерлерінің міндеті. Бұл қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Осыған орай, 1 600 дана қазақша мағынадағы қасиетті Құран кітабын, 10 мың дана «Муалим сани» кітабын Түркістан облысының имамдарына табыстауға ниет білдірген Кувейт мемлекетінің елшілігіне, Халықаралық ислам қайырымдылық ұйымының Қазақстан Республикасындағы өкілдігіне өз алғысымды айтамын. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықты бұдан әрі нығайтуға өз үлесімізді қоса берейік, – деді аппарат басшысы.
Салтанатты жиында Түркістан облысы аумағында діни білім беру орындары, кітапханалар мен мешіттерге ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің дінтану сараптамасы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптауынан өтіп, мақұлданған «Құран Кәрім аудармасымен және түсініктемелері» кітабының 1 600 данасы және «Мұғәлім сәні» кітабының 10 мың данасы табысталды. Игі іске Халықаралық ислам қайырымдылық ұйымы қолдау көрсетті.
Кувейт мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Омар Ахмет Әль-Қандари екі ел арасындағы байланыстың жоғары деңгейде екеніне тоқталды.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынының 764 мешіті Түркістан облысында жұмыс істейді. Облысымызда имамдардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп, 112 имам мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығындағы» 18 теолог біліктілігін арттырды. Қосымша 100 мешіттің имамы Алматы қаласындағы Ислам институтында 2 айлық курстан өтіп жатыр. Бұл жұмыстар өз жалғасын табады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі