Алматыдағы жаппай тәртіпсіздікке қатысып, соны өздерінің жеке ұялы телефондарына түсірген 3 жас жігітті Түркістан облысының полицейлері блок бекеттен өту кезінде ұстады. Нақтырақ айтар болсақ, Қазығұрт АПБ қызметкерлері Алматы-Термез-Ташкент тас жолындағы Ақтас блок бекетінде «Тойота» маркалы автокөлікте болған Сарыағаш және Келес аудандарының 3 тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде жедел уәкілдер көліктен тапанша тауып, тәркіледі. Аталған жайт СДТБТ-ға ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Ұсталғандардың барлығы қамауға алынды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.Жалпы Түркістан облысы аумағында тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 30 блок бекет орналастырылған. Онда тәртіп сақшыларымен бірге әскерилер де тәуліктеп қызмет етуде. Облыс полицейлері төтенше жағдай кезінде бекітілген шектеулерді ұстанып, аса қажеттілік болмаса жолға шықпау керектігін еске салады.
ТО ПД баспасөз қызметі