Сарыағаш АПБ-ның кезекші бөліміне «Жібек жолы» шекара бекетінде есірткі тасымалдады деген күдікпен ер адамның ұсталғаны туралы ақпарат келіп түсті деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ-ның жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полицейлер иіс сезгіштігі басым, арнайы қызмет жасауға бейімделген Линда атты қызметтік итті жұмсады. Ол Өзбекстан азаматына қарай үріп, белгі берді. Осылайша тінту жүргізу кезінде жедел уәкілдер ер азаматтың шалбарының қалтасынан өзіне тән иісі бар есірткіге ұқсас полиэтилен пакетіне салынған затты тауып алып, тәркіледі. Тәртіп сақшылары заттай дәлелдемелерді алып, сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, есірткінің жалпы салмағы 36 грамнан асатын гашиш болып шықты.Аталған жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналымнан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша Сарыағаш АПБ-да СДТБТ-ға тіркелді. Күдікті қамауда. Тергеу барысы ер адамның есірткіні өзімен бірге қандай мақсатта тасымалдағанын анықтауда.Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы ескертеді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын заңдарды сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.