Түркістан облысы әкімі аппаратының жаңа басшысы тағайындалды

әкімі аппаратының

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша және Түркістан облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы лауазымына Еркебұлан Әбілханұлы Дауылбаев тағайындалды. Облыс әкімі өңірді дамыту бағытындағы жоспарлар мен міндеттерге тоқталып, тағайындалған аппарат басшысына жаңа міндеттер жүктеді. Қызметіне сәттілік тіледі.

Аппараттың жаңа басшысы облысты дамыту бағытында бар күш-жігерін салатынын, мемлекеттік қызметтегі жинаған тәжірибесі мен білімін ел мүддесі жолында жұмсайтынын жеткізді. Сенім артқан облыс әкіміне алғысын білдірді.

Еркебұлан Дауылбаев 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Ресей кеден академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1999 жылы ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің инспекторы лауазымынан бастады. 2010-2011 жылдары ОҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бөлім басшысының міндетін атқарушы, лицензиялау бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары ОҚО Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды. 2012-2014 жылдары ОҚО бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының басшысы болды.

2016-2017 жылдары «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, 2017-2018 жылдары ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары, 2018 жылы Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, 2018-2020 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымдарында еңбек етті.

2020-2021 жылдары ҚР ИИДМ Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары, 2021 жылғы тамыздан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған. 2023 жылдан бастап қазірге дейін Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі