Түркістан музыкалық драма театрында Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясы сахналанды.
Премьераны тамашалауға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы қатысты.
Сахнаға шыққанына қанша уақыт өтсе де, «Беу, қыздар-ай!» көрермені көп, құндылығын жоғалтпаған туынды. Аталмыш шығарманы Олжас Жақыпбектің режиссерлығымен театрдың жас актерлары мен балет әртістері қайта жандандырды.
Түркістан музыкалық драма театры алғаш рет сахналап отырған музыкалық комедия – Кеңес заманында Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваға арнап жазылған шығарма. Заманауи өзгертілген «Беу, қыздар-ай!» спектаклінің көтерген тақырыбы — әлеуметтік желінің белең алуы, ауылдағы білікті мамандар тапшылығы, қыздарға өзіне лайық теңін табудың қиындығы сияқты келелі мәселелер.
Әзіл мен әнмен әдіптелген, махаббат тақырыбындағы «Беу, қыздар-ай» комедиясы қаланың өнерлі де, өрелі үш жігіті өмірлік серігін іздеп ауылға аттанады. Бірі – режиссер, бірі – ақын, бірі – композитор. Көздегендері – көркіне ақылы сай, еті тірі, ауылдың бетке ұстар дизайнері әрі әнші айдай сұлу Айсұлу. Осы жерден олардың махаббат машақатына толы хикаялары басталады. Соңында үш жігіт те ауылдан өз Айсұлуларын табады. Қызыққа толы оқиғалар мен әсем әндер көрермен көңілінен шықты. Әрбір сахна әзілмен өріліп, бүгінгі заманның өзекті мәселесін жеңіл жеткізеді.
Спектакльді заманауи сахналаған талантты, жас режиссер және композитор – Олжас Жақыпбек, театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, балетмейстер – Мадина Мұратбекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, қоюшы суретші – Нұрлан Төлешов. Әубәкір рөлін Данияс Нұрқабден мен Рамазан Өмірзақ сомдаса, композитор Сұлтан – Мұзафар Ғалымжанұлы мен Айбек Боранбаев және режиссер Хасен – Шерхан Саматұлы және Болатбек Оспан, Айсұлу рөлін Шұғыла Жәнібекова мен Ақбөпе Жеңсікбай сомдады.
Айта кетейік, 7 мамыр күні де театр ұжымы «Беу, қыздар-ай!» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі