Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Түркістанда қаласында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен «Халық заңгері» науқаны өтті. Оған zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары қатысты.
«Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына 150-ден аса тұрғындар келіп, көкейлерінде жүрген сауалдарына нақты жауаптар алды.
«Акцияның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады.
Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, тергеушілер, сот орындаушылар, мемлекеттік орган басшылары мен өкілдері», — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов.
«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруда үлесі жоғары.
Айта кетейік, 2016-2019 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзіретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 100 000-нан астам азамат кеңес алды.Карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылды. 2022 жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды.