Қазығұрт ауданында 52 шақырым жол жөндеуден өтуде деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жыл соңына дейін 30 шқ. астам көлік жолдарының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде аудандағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 70%-дан асады. Облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 250 шақырымнан асады. Автомобиль жолдарының жалпы жағдайы жайлы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында баяндалды. Облыс басшысы Шарапхана-Жаңабазар автожолының күрделі жөндеу құрылысымен танысты. Жолдың ұзындығы 16 шқ. Облыс әкімі аймақта салынып жатқан жаңа нысандарды аралады. Жаңабазар ауыл округі, Үшбастау елді мекеніндегі 200 орындық «К.Әзербаев» атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс алаңында болды. Білім ұясы биылғы оқу жылына қарсы ашылмақ. Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан 50-ге жуық орта мектептің төртеуі Қазығұрт ауданында бой көтерген. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өз үйінің жанынан мал бордақылау алаңын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкердің жұмысымен танысты. Небәрі 10 мал басымен тірлік бастаған Жаңабазар ауылының тұрғыны қысқа уақыт ішінде мал басын 200-ден асырған. Қазығұрт ауданындағы жалпы аналық мал басының саны 54 мыңға жеткізілген. Тұқымдық түрлендіру үлесі биыл 170 %-ды құраған.