Түркістан қаласының әкімі қарттарға құрмет көрсетті

Әзімбек Пазылбекұлы

Түркістан қаласының жаңа әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Халықаралық қарттар күні қарсаңында қаладағы ғасыр жасаған қарияларға арнайы барып, оларға құрмет көрсетіп, құттықтады. Қариялардың өмір жолы мен еңбек ерліктерін еске салып, олардың кейінгі ұрпақ үшін айрықша маңызды екенін атап өтті. Әкімнің алғашқы сапары 102 жастағы Аманкүл Марсулова мен 103 жасқа толып отырған соғыс ардагері Немет Абдрасиловтың шаңырағына арналды.

Аманкүл Марсулова – балалық шағын қиын-қыстау кезеңге арнап, бүкіл ғұмырын еңбекпен өткізген абзал ана. Ол бүгінде 34 шөберенің аяулы әжесі атанып, бақытты қарттық кешіп отыр. Әзімбек Пазылбекұлы оны мерекемен құттықтап, деніне саулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында жауынгер ретінде Отанын қорғаған Немет Абдрасилов та құттықтаудың құрметіне ие болды. Ол ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері. 103 жасқа толып отырған қария соғыс жылдарындағы ауыр естеліктерін айтып, елдің бейбітшілігі үшін жасаған ерліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, ол қала әкіміне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Әкімнің қарияларға көрсеткен құрметі – қазақ халқының ата-бабадан қалған дәстүрін жалғастырудың жарқын көрінісі. Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде қарттарды елдің қазынасы деп атап, олардың ел үшін жасаған еңбегінің бағасы жоқ екенін айтты:

— Өмірі адал еңбекпен өрілген өздеріңіздей дана қарияларымыз аман болсын. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі жемісі – аға буынның кешегі ерлігінің және адал еңбегінің нәтижесі. Бабалардың мұрасы – үлкенді құрметтеуді, кішіге жол сілтеуді үйретеді. Осы жолды өздеріңізден кейін де абыроймен жалғастыруды бізге нәсіп етсін, — деді шаһар басшысы өз сөзінде, – деді қала басшысы.

Қарияларға көңіл бөлу және оларға құрмет көрсету – ұлттың рухани байлығының көрсеткіші. Түркістан қаласының басшылығы да бұл дәстүрді сақтап, қарттардың әлеуметтік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Қала әкімі бұл күні барлық қарияларға көңіл бөліп, оларға қамқорлық көрсету тек мерекелік күндерде ғана емес, күнделікті міндет екенін ерекше атап өтті. Мерекелік шаралар мен ізгі ниет қарияларға қуаныш сыйлап, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған бұл шара тек мерекелік құттықтаулармен шектелмей, қаланың дамуындағы қарттардың рөлін мойындау және оларға көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі болды.