«Түркістан» Әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясында» жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы кәсіпкерлік ортада талқыланды, деп жазады ntime.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту мақсатында Департаментпен жүргізілген әрбір сыртқы талдау қорытындыларын түрлі салада талқылау үрдісі енгізілді.
Осы тәжірибе шеңберінде, бүгін «Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясында жүргізілген сыртқы талдау нәтижесі бизнес қауымдастығымен талқыланды.
Жиында алғашқы сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов талдау жұмыстары барысында ұсынылған ақпаратты зерделеу нәтижесінде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне айрықша тоқталып, бірқатар бұзушылық деректерді ұсынды.
Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін берілген жер учаскелерін сатумен, тұрғын үй салумен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөніндегі тиісті шараларды орындамаумен және корпоративтік қордың тиісінше емес қызметімен байланысты тәуекелдер анықталғанын баяндап, енгізілген ұсыныстардың орындалуын қатаң бақылау қажеттілігін ескертті.
«Түркістан» әлеуметтік — кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Ж.Нұрпейісов талдау қорытындысымен берілген 16 ұсынымның бүгінгі күнге орындалуы бойынша баяндады.
Айта кетейік, 2022 жылдың 28 ақпан күні Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті аталған мекеме қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізу басталған болатын.