Күрес түрлерінен Уфада өткен 21 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем біріншілігінде әлем чемпионы атанған түркістандық Нилуфар Раимова елге оралды деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. Қазақстан қоржынын алтын жүлдемен толықтырған жеңімпазды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен облыстық спорт басқармасының басшылығы, Түркістан жұрты әуежайдан қошеметпен күтіп алды. Жергілікті демеушілер есебінен сый — құрмет көрсетілді.
Әйелдер күресінде 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нилуфар Раимова финалда италиялық Аврора Руссмен кездесіп, 8:6 есебімен жеңіске жетті. Ресей федерациясының Башқұрстан астанасы Уфа қаласында өткен еркін, грек-рим және әйелдер күресінен жастар арасындағы әлем чемпионаты атанған спортшы Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің 3-курс студенті.
Әлем чемпионатында Түркістан облысының балуандары ел қоржынын бір алтын және екі қола медальмен толықтырды. Қыздар арасында 59 келі салмақта Мадина Аман қола медальды еншіледі. Боз кілем төрінде бар күш-жігерін ортаға салған түркістандық ару 3-орынды місе тұтты. Бапкері — Нұржігіт Ерімбетов. Дүние жүзінің кіл мықтылары бақ сынаған турнирде Келес ауданының тумасы Асылжан Есенгелді еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, қола жүлдегер атанды. Бапкері — Қанат Тұрғараев. Ол бұған дейін еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Ресбуликасының және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері атанып үлгерген. Сондай-ақ, ел чемпионатының жастар арасындағы V жастар ойынының жеңімпазы. Алтыннан алқа тағынған Нилуфар Раимова 57 келі салмақта өзінің мықты екенін дәлелдеді. Алғашқы кездесуінде ресейлік Анастасия Козлованы 6:5, беларусиялық Мария Хулиданы 12:00 есебімен жеңді. Жартылай финалда түркиялық Эльвира Камалоглумен болған белдесуін 4:2 есеп айырмасымен аяқтады. Ал, финалдық кездесуде Италия балуанын тізе бүктірді. Спортшылар — Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Мұнда әлемдік ареналарда топ жарып жүрген бірнеше шәкірттерді тәрбиелеуде.