Созақ ауданы, Абай ауылында 35/10 кВ «Төртши» деп аталатын қосалқы станция іске қосылып, ауыл тұрғындары көптен көтеріп жүрген түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Жаңа станцияны іске қосу рәсіміне аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Жаңа подстанцияны іске қосу арқылы Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің де электр энергиясы қуатын арттыру көзделгенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта ауданда халық сұранысына орай атқарылатын өзге де жобаларға жеке-жеке тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС техникалық қауіпсіздік қызметінің басшысы Мерей Төленбекұлы жаңа станцияның қуаттылығымен таныстырды.
Еске сала кетсек, өткен жылдың қаңтар айында Абай ауылына келетін 10 кВ құрайтын әуе желісі желдің өтіне қолайсыз орналасқанның салдарынан 13 шақырымдағы 200-ге жуық бағана құлап, тұрғындар бірнеше күн әуре-сарсаңға түсті. Орын алған жайттан соң тұрғындар электр желісін қолайлы бағытқа алмастыру жөнінде бірнеше рет мәселе көтерді. Бұған қоса Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде электр энергиясы қуатының жетіспеуі сынды мәселелер де айтылып келді. Бұл бойынша аудан басшысы құзырлы мекеме басшыларымен өзара келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде Абай ауылы Шолаққорған-Созақ бағытындағы 35 кВ жоғарғы кернеулі әуе желісіне қосылды. 9,5 шақырымды құрайтын қашықтыққа 84 дана СВ164 маркалы бағаналар тұрғызылды. Ауыл маңынан қуаттылығы 1600 кВА сыртқы үлгідегі қосалқы подстанция салынып, іске қосылды. Тұрғындар жаңа станцияны «Төртши» деп атау жөнінде бірауыздан ұсыныс тастаған.