Халық сапалы интернет тапшылығынан құтылар күн алыс емес

Түркістан облысындағы шалғай елдімекендерде тұратын халық сапалы интернет тапшылығынан құтылар күн алыс емес. Себебі, күн тәртібіндегі бұл мәселелелр жауаптылардың қаперінен шыққан жоқ. Таяуда  Нұр-Сұлтан қаласында Түркістан облысы Цифрландыру басқармасының басшысы Өтебаев Елнұр мен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кездесуі болып өтті. Жиын барысында басқарма басшысы депутаттар Қайнар Аббасов, Екатерина Смышляева, Елдос Апақановпен бірге цифрландыру саласын жетілдіру туралы заң жобасын талқылады. Соның нәтижесінде өңіріміздегі бірқатар мәселелер шешімін таппақ. Мәселен шалғай елді мекендерде жоғары сапалы мобильді интернетке қол жеткізу.
         Жиын барысында бірнеше заңнамалық нормалар Сенатқа жіберілді. Енді елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету міндеттілігі тек Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен байланыс операторлары арасындағы меморандум бойынша ғана емес, жергілікті атқарушы орган шеңберінде қабылданатын болады. Сондай-ақ, электр желілері арқылы оптика тарту үшін тіректер орнату жергілікті әкімдіктің құзыреттігінде болмақ. Бұл өз кезегінде сапалы интернетке деген қол жетімділікті қамтамасыз етпек.
         Дегенмен, кейбір заңнамалық нормалар әлі де өз күшін жойған жоқ. Атап айтқанда, жергілікті билік министрлікке байланыс стансалары қамтуы тиіс елді мекендердің тізімін жібереді. Ал байланыс операторлары өздеріне тиімді ауылдық жерлерге байланыс орнатуда. Соның салдарынан облыстағы 31 елді мекен сапалы ұялы байланысқа қол жеткізе алмай отыр.
         Жиын соңында Түркістан облысы Цифрландыру басқармасымен депутаттық корпус жоғарыда айтылған мәселелермен жұмыс істейтіндерін жеткізді.

Ntime.kz