Шалғай ауылдар мемлекетке қайтарылған активтер есебінен ауыз суға қосылды

ауыз суға

Түркістан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен шалғай ауылдарға орталықтандырылған ауыз су жүйелері тартылуда. Бұл жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, санитарлық жағдайды жақсартуға және тұрғындарға сапалы суға қол жеткізуге бағытталған.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде бұрын ауыз суға қолы жетпеген елді мекендер орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, халықтың 100 пайыздық қамтылуы қамтамасыз етілді. Су сапасы санитарлық стандарттарға сәйкес қамтамасыз етіліп, тұрғындардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік туды.

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.

Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын.

Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.

Бұл жоба шалғай ауылдардағы инфрақұрылымды жаңғыртып қана қоймай, тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, аймақтағы әлеуметтік жағдайдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Алдағы уақытта да осындай жобалар арқылы барлық ауылдар сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.