Шымкент қаласында биыл жол инфрақұрылымын дамыту бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, басымдық – орталық аумақтармен қатар, шалғай елді мекендердегі топырақ жолдарды заманауи стандарттарға сай асфальттау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға берілген.
Жол салу – қала экономикасының даму қарқыны мен тұрғындардың тұрмыс сапасын айқындайтын маңызды фактор. Осы бағытта жыл басынан бері Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 304 шақырым жолға асфальт төселді. Бұл – мегаполис тарихындағы ірі көрсеткіштердің бірі.
Аудандық бөлініс бойынша жұмыстар келесідей атқарылды:
• Абай ауданында – 80,4 шақырым жолға жаңа асфальт төселді;
• Тұран ауданында – 60,7 шақырым;
• Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым;
• Қаратау ауданында – 78,5 шақырым;
• Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым жол жөнделді.
Әр аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қала тұрғындарының күнделікті қозғалысын жеңілдетіп, көлік қатынасын айтарлықтай жақсартуда. Бұған дейін шаң мен батпақтан көз ашпаған кейбір көшелер бүгінде тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз жолдарға айналып отыр.
Асфальт төсеу ісі тек қала орталығында ғана емес, шет аймақтардағы Қайнарбұлақ, Достық, Бозарық, Азат, Шымсити және Жұлдыз сияқты елді мекендерді де қамтуда. Нәтижесінде шалғайдағы тұрғындар үшін қала орталығына қатынау уақыты қысқарып, қоғамдық көліктің жүру бағыты кеңейді.
Жол құрылысы кезінде сапа ерекше бақылауға алынған. Әрбір нысан бойынша мердігер компаниялардан сапа стандарттарына сай жұмыс атқару талап етіліп, арнайы зертханалық тексерулер жүргізілуде. Сонымен қатар жаңадан төселген жолдардың бойында жаяу жүргінші жолақтары, суағарлар мен жарық шамдар орнату да қарастырылған.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Негізгі мақсат – қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 90 пайызға жеткізу.
Шымкент қаласының жол инфрақұрылымын жетілдіру тек көлік қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік және экономикалық даму қарқынын күшейтуге ықпал етуде.
