Шардара ауданында негізгі капиталға 12 млрд 712,7 млн теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Бұл туралы брифингте 9 айда атқарған жұмыстарын қорытындылаған аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мәлімдеді.Сонымен қатар, өндіріс орындарындағы өнім көлемі 8 млрд 701,2 млн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 341,3 млн теңгеге артқандығын көрсетеді.«Аудан экономикасының дамуына үлес қосып келе жатқан 8 197 шағын кәсіпкерлік субъектіде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпкерлік нысандары жалпы 6,4 млрд теңгенің өнімін өндіріген. Ауданда кәсіпкерлер мен шаруаларды қолдау мақсатында «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ арқылы 177 жоба 559,2 млн теңгеге қаржыландырылды», – деді Қайрат Жолдыбай.Есепті мерзімде ауданда 30 млрд 794,9 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Биыл 59 300 гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Одан 9 айда 3 278 тонна бидай, 3 742 тонна арпа, 5 125 тонна картоп, 23 693 тонна көкөніс, 287 843 тонна бақша өнімдері алынған. Сондай-ақ, шет мемлекеттерге 50 мың тоннадан астам бақша, көкөніс өнімдері экспортталды.Аудан бойынша көгілдір отынмен ауданның 44 пайызы қамтылып отыр. Жалпы 2024 жылға дейін 16 елді мекенді газдандыру жоспарланған. Нәтижесінде аудхан халқының 99,4 пайызы табиғи газбен қамтылады деп күтілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі