Шардара су қоймасында қауіпсіздік пен тәртіп күшейтілді

Шардара су қоймасында

Жаз мезгілінде суға түсу маусымының басталуымен бірге Шардара су қоймасы маңында қауіпсіздік мәселелері ерекше назарға алынады. Түркістан облысының әкімдігі, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті құқық қорғау органдары жағалауда қауіпсіз әрі жайлы демалысты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шараларды қолға алды.

«Шардара» су қоймасының айналасында жазғы демалыс жағажайлары көбейген. Осыған дейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров туристік аймаққа арнайы барып, жағажайдың жай-күйімен танысып қайтқан болатын. Демалыс жағажайларындағы басты түйткіл тазалық пен қауіпсіздік талаптары екені белгілі. Осы тұста облыс әкімі демалыс аймағына жауапты тұлғалармен кездесіп, көтерілген мәселелер төңірегінде тапсырмалар берді.

Бүгінде жағажай аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары қатаң қадағалануда. Бұл мәселелер басшылық тарапынан назарға алынып, жағажай аумағында құтқарушылар санын арттыру және ретсіз орналасқан сәкілердің орнын ауыстыру шаралары қолға алынды.

Мұнда рейдтік тәртіп шаралары күшейген. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Шардара» су қоймасының жағалауында рейдтік шаралар жүргізді. Нәтижесінде жағажай аумағында тәртіп бұзған азаматтарға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 434-2 бабы 1,2 бөліктерімен 15 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылды. Сонымен бірге аталған Кодекстің 505 бабы, 1 бөлігімен 2 демалыс аймағының басшыларына абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.

Қазіргі уақытта жол қауіпсіздігі бойынша 28 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, оған тиісті шара көрілді. Заң талаптарын бұзған 5 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Жалпы тәулік ішінде анықталған әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 45 хаттама толтырылған.

Мамандар тарапынан «Шардара» су қоймасының жағалауында және демалыс аймақтарында қоғамдық тәртіпті қаматамасыз ету және жол көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жалғасады.

Демалыс орындарының мол шоғырлануы – өңірдегі туризм саласын дамытудың оң тетігі. Ал туризмі дамыған аймақ болу жолында тәртіп пен сапалы жұмыс жүргізу дұрыс шешім. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – тек мемлекеттің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Осы мақсатта:

Тұрғындар мен туристер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, судағы қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылды;

Су айдыны маңындағы тазалық пен экологиялық ахуал да басты назарда. Жергілікті атқарушы органдар мен табиғатты қорғау инспекциялары:

Жағалау маңындағы заңсыз құрылыс пен қоқыс тастау деректерін анықтап, шара қолдануда;

Кәсіпкерлерге санитарлық нормаларды сақтау, қоқыс жәшіктерін орнату және демалушыларға жағдай жасау бойынша нақты талаптар қойылды;

Су қоймасының экологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында қоғамдық бақылау тобы құрылды.

Шардара су қоймасы – Түркістан облысының туристік және экономикалық маңызды нысандарының бірі. Мұнда демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – басым бағыттардың қатарында. Жауапты мекемелер мен тұрғындар бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана жағалаудағы демалыс сәтті, әрі қауіпсіз өтпек.

Қауіпсіздік – әр адамның өзінен басталады. Су жанында демалғанда қарапайым ережелерді сақтау – өмір мен денсаулық кепілі.Сондықтан тұрғындар мен жағажай маңында демалушыларға тазалық пен қауіпсіздік шараларын ұмытпауды ескертеміз.