Шипажайда Шәмші әндері шырқалды

Шипажайда

Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Оның әндері Қазақ елінің барлық өңірінде жиі айтылып, әнсүйер қауым арасына барынша кең тараған. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы – халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай жастың патриоттық сезімін шыңдап жүрегінен орын алары хақ.

Шәмші Қалдаяқов қазақтың маңдайына біткен композиторы. Анасының әлдиін тыңдамаса ұйықтамайтын балаға Шәмшінің анасы Естайдың «Қорланын» ыңылдап айтып отырып тербеткен екен. Содан болар Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты. Біреу білсе, біреу білмес, композитор бірден өнер жолына түспеген. Әуелі зооветтехникумды бітірген, кейін Сахалиндегі әскери училищені тәмамдаған. Тек содан соң елге келгеннен кейін Ташкент қаласындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқыған.

Бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Ақ сұңқарым», «Ақ бантик», «Қара көз», «Қайықта» секілді әндері жұртшылық арасында кеңінен танымал.

Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның Қазақстанның кең байтақ даласын жырға қосатын «Жарқырайды Жезқазған», «Қарқаралы», «Байқоңыр», «Талдықорған – әнім менің», «Ырысты өлке – Шардара», «Отан», «Теріскей», «Отырардағы той», «Көгілдір Көкше», «Өмір өзен», «Мойынқұмда» және тағы басқа әндерін халық ерекше ықыласпен қабылдаған.

Осыған сәйкес  «Манкент» шипажайындағы демалыс кешенінде композитор, Қазақстанның Халық артисі, ҚР Гимнінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай, «Шарықта Шәмші әндері!» атты іс-шара болып өтті.

Шуақты шараның шымылдығын алғаш түрген аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов арнайы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде, шырқау көгімізде жарты ғасырдан астам уақыт бойы қалықтап келе жатқан Шәмші әуендерінің өміршеңдігіне тоқталды.

Ұлы композитордың есімін ұлықтай отырып, әуелеген әндерін көпшілікке кеңінен насихаттауға бағытталған шарада аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Аталған кеште Қазақ Халық театры, «Ақсу» Халықтық фольклорлы ансамблі, эстрада әншілері, және «Самұрық» би тобы, жалпы 50-ге жуық өнерпаз Шәмшінің әндерін шырқады. Сондай-ақ, көрермендер назарына театрландырылған сахналық қойылымдар көрсетті.

Еліміздің түпкір-түпкірінен келген шипажайдағы 400-ден астам демалушылар концерттік бағдарламаны тамашалап, жоғары бағасын берді.