Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков Түркия Республикасының іскерлік топ өкілдерімен кездесті деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Кездесуге «Yapiray» компаниясының бас директоры Тарык Кынжал мен жетекшілері, сәулетші және дизайнерлері қатысты. Тараптар екі жақты ынтымақтастық аясында қарым-қатынасты одан әрі кеңейту жайлы пікір алмасты. Қонақтар өз тараптарынан Шымкент қаласына қызығушылықтарын білдіре отырып, «Yapiray» компаниясының жетістіктері мен әлеуетті жобаларымен таныстырды. Шойын жол және трамвай құрылысы жұмыстарына қатысты ұсыныстарын білдірді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков аталған жоба Шымкентке толығымен ыңғайлы, экономикаға сәйкес болған жағдайда, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қажетті қолдау көрсетілетіндігін білдірді. Әзірге тиісті басқарма басшыларына ұсынысты жан-жақты зерттеп-зерделеу мақсатында нақты тапсырмалар берді.