Дүниежүзілік тазалық күні аясында Шымкент қаласында кең ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл бастама қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатты аялауға үндеуге бағытталды.
Жалпықалалық сенбілікке мыңдаған қала тұрғындары, жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдар мен білім беру орындары атсалысты. Тазалық жұмыстары қала аумағының барлық бөлігінде таңертең ерте басталып, ауқымды түрде жүргізілді.
Атап айтқанда, Мангелдин көшесі №32-34, Конституция өткелі және Отырар шағынауданындағы 58 және 58/1 үйлер аумағында тұрғындар мен мекеме ұжымдары белсенділік танытты. Әр аудан бойынша нақты жұмыстар атқарылды:
• Әл-Фараби ауданында – 937 адам мен 14 арнайы техника жұмылдырылып, 22,2 тонна қоқыс шығарылды. Ағаш бұтақтары кесіліп, көгал шөптері шабылды, көшелер мен қоқыс алаңдары жуылды.
• Еңбекші ауданында – 11 792 адам мен 66 техника қатысып, 58 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Сенбілік әлеуметтік нысандарды, өндірістік аймақтар мен барлық мекемелерді қамтыды.
• Қаратау ауданында – 968 адам мен 18 техника жұмыс істеп, 32,9 тонна қоқыс шығарылды.
• Тұран ауданында – 13 957 адам мен 54 техника жұмылдырылып, 60 тонна қоқыс тазартылды. Қатысушылар қатарында 5230 тұрғын, 1000-нан астам студент, 115 әлеуметтік нысан мен 212 кәсіпкерлік құрылым болды.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Шымкент – таза қала!» атты акция өтті. Маятас елді мекенінде 200-ге жуық белсенді жас қоқыс жинап, тазалық жұмыстарына үлес қосты.
Сенбілік барысында тек тұрмыстық қалдықтар ғана жиналмай, ағаштарды санитарлық кесу, шөп шабу, көгалдандыру, бояу, аула мен көшелерді жуу, абаттандыру және жөндеу жұмыстары да жүргізілді.
Жалпы, қаланың барлық аудандарында өткен сенбілікке он мыңдаған адам қатысып, жүздеген тонна қоқыс шығарылды. Қала тұрғындары тазалықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін нақты іспен дәлелдеді.
Шымкент қаласы әкімдігі мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынын атап өтті. Сондай-ақ қала билігі барлық тұрғындарды, еріктілерді, кәсіпкерлер мен ұйымдарды туған қаланың тазалығы үшін бірлесе әрекет етуге шақырады.