Бүгінде мегаполисте қала көшелерінде орын алатын қылмыстардың саны кеміген. Яғни, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың салдарынан орын алатын қылмыс азаюда. Жергілікті атқарушы және қорғаншылық органдары, қоғам белсенділері бейнекамералардағы жазбалар бойынша мониторинг жүргізіп, фактілері анықталған жағдайда бірігіп дабыл қағып, тиісті шаралар қолдануда. 2021 жылы қала аумағында 3177 бейнебақылау камералары орнатылды. Олардың барлығы Полиция департаментіне қарасты жедел басқару орталығы арқылы басқарылады. Оның 877 көше қиылыстарына қойылса, 800 желілік учаскелерге орнатылды. Ал, 1500 жалпы бейнебақылау камералар қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп тұр.
Камералар шаһардағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға, сонымен қатар тұрғындардың сақтығын қадағалауға бағытталып отыр. Бейнебақылау камераларының басты міндеттерінің бірі – белгіленбеген жерде тоқтау, кері бағытта қозғалу, қозғалыстың қарсы жиегімен жүру, жылдамдықты асыру сияқты жолда жүру ережелерін бұзудың фактілерін тіркеу. Бұдан бөлек, жүйе автоматты режімде жол трафигінің мөлшерін тіркеуге, камераның осіне қарамастан көлік құралының қозғалысын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл камералар полиция қызметкерлерінің жұмыстарын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы – жол апаты азайып, қылмыстардың ашылуы көбейеді.
Қаланы бейнебақылау камераларымен қамту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Нақтырақ айтсақ, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар арқасында технологиялық серпіліс» Ұлттық жоспарына сәйкес, 2023 жылы 1500 бейнебақылау камералар, 2024 жылы 1500 бейнебақылау камералар, ал 2025 жылы 2500 бейнекамералар қойылмақ. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл цифрландыру басқармасы қала аумағында 1000 бейнебақылау камералары орнатуды жоспарлауда. Оның 800-і қоғамдық қауіпсіздікті қадағаласа, 200-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.