Шымкент қаласында жаңа Конституцияны қолдауға арналған «Біз халықтық Конституцияны қолдаймыз» атты ауқымды спорттық-мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Орталық стадионда өткен кешке шамамен 20 мың адам жиналды.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырып, жаңа Конституцияның мән-маңызы мен мазмұнын түсіндіру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституция елдің демократиялық негіздерін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Құжатта «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын дамытуға басымдық берілген.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, «Integra Construction KZ» компаниясының меншік иесі Шахмұрат Муталип қатысты.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жиналған қауымды Премьер-лиганың жаңа маусымының басталуымен құттықтап, жаңа Конституцияның елдің саяси жүйесін жаңғыртып, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтетін маңызды құжат екенін атап өтті. Сонымен қатар ол тұрғындарды 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Елімізде 15 наурыз күні жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді. Жаңа Ата заң – мемлекетіміздің алдағы дамуына бағыт-бағдар беретін басты құжат. Елдің ертеңі әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға байланысты. Сондықтан бұл іске жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деді қала әкімі.
Іс-шара аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Shiza және «Алатау серілері» тобы бар.
Сонымен қатар аталған іс-шараға қоғамның әр саласындағы танымал азаматтар белсені қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға қатысты пікір білдірді. Олардың қатарында спорт жұлдыздары Айбек пен Нұрбек Оралбай, Махмұт және Төрехан Сабырхандар, Арман Оспанов, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов, «Миллион» жайдарман командасының мүшесі Қанат Тасхан және басқа да тұлғалар бар.
«Миллион» жайдарман командасының мүшесі Қанат Тасхан жаңа Конституцияның елдің болашағына бағыт беретін маңызды құжат екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция – еліміздің дамуына бағыт беретін маңызды құжат. Онда әділдік пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған өзгерістер бар. Сондықтан баршаңызды 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын», – деді Қанат Тасхан.
Айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов та жаңа Конституция қоғамдағы тұрақтылық пен әділдікті нығайтуға қызмет ететінін айтып, азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.
«Еліміздің дамуы мен қоғамдағы бірліктің нығаюы әр азаматтың белсенділігіне байланысты. Жаңа Конституция осы бағыттағы маңызды қадам деп ойлаймын», – деді Нұрлан Есенқұлов.
«Ордабасы» футбол клубының қақпашысы Бекхан Шайзада да жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына негіз болатынын атап өтті.
«Жанкүйерлердің қолдауы бізге әрқашан үлкен күш береді. Елдің дамуына бағытталған бастамаларды қолдау да маңызды. Жаңа Конституция Қазақстанның болашағына қызмет етеді деп сенемін», – деді Бекхан Шайзада.
Іс-шара барысында жанкүйерлер үшін түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, интерактивті ойындар өткізілді. Ұтыс ойындарының жеңімпаздарына ұялы телефондар мен PlayStation ойын консолі табысталды. Кештің басты жүлдесі ретінде автокөлік ойнатылды. Кеш соңында стадион аумағында фейерверк пен лазерлік шоу ұйымдастырылды
