2025 жылғы 8 қазан күні шамамен сағат 19:30-да Шымкент қаласының Төлеметов пен Бәйтереков көшелерінің қиылысында төтенше жағдай орын алды. VOLVO маркалы, мемлекеттік нөмірі 053AAY11, салмағы 15 тонналық жүк көлігінің артқы борты ашылып кетіп, көлікте тиелген 12 тонна нефтешламның шамамен 4 тоннасы жол үстіне төгілді. Белгілі болғандай, жүк көлігі «PetroKazakhstan» ЖШС-на тиесілі өнімді Шымкент қаласынан Қызылорда қаласына жеткізу бағытында болған. Көлікті 1978 жылы туған Қызылорда қаласының тұрғыны, Ажарбаев Динаман Жұмаділаевич басқарған.
Оқиға орнына сол күні сағат 21:45-те Шымкент қаласы Қаратау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары келіп, қажетті зертханалық сынамалар алды. Мамандардың қатысуымен жағдайдың қоршаған ортаға әсерін бағалау мақсатында түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі жолға төгілген мұнай қалдықтарын тазарту жұмыстарын дереу ұйымдастырды. Арнайы техникамен жол үстіне екі КамАЗ құмы төгіліп, нефтешламның қалдықтары толықтай жиналып, аумақ тазартылды. Бұл шаралар экологиялық қауіптің алдын алуға бағытталды.
2025 жылғы 8 қазанда көрсетілген мекенжай бойынша атмосфералық ауа сынамалары алынып, зертханалық талдау 9 қазан күні жүргізілді. Нәтижесінде ауа құрамындағы көрсеткіштер шекті жол берілетін концентрациялардан аспағаны анықталды. Осылайша, жедел ұйымдастырылған іс-шаралардың арқасында экологиялық қауіптің алдын алу мүмкін болды.
Қазіргі таңда тиісті бақылау жалғасуда. Оқиға бойынша қосымша түсіндіру және қорытынды шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, Шымкент қаласының тиісті қызметтері мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін жүк тасымалдаушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша қатаң ескертулер берді.
Бұл жағдай тұрғындар мен көлік қатынасына қауіп төндірмей, экологиялық жағдайға әсерін минимизациялау үшін барлық шараларды жедел ұйымдастырудың маңыздылығын көрсетті. Қалалық органдар алдағы уақытта да қала аумағында қауіпті заттар тасымалына бақылауды күшейтіп, жолдар мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.
