Шымкентте көше жарықтандыру жүйесі жаңғыртылуда

Шымкентте көше жарықтандыру жүйесі жаңғыртылуда

Шымкент қаласында 2025 жылы көше жарықтандыру жүйесін дамыту бағытындағы ауқымды және жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл бастама қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің жайлылығын арттыруға, сондай-ақ мегаполистің түнгі келбетін айшықтап көрсетуге бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жоба болып отыр.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі (ӨКҚ) алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек толық мәлімет берді. Оның айтуынша, қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жыл басынан бері қала көшелерін жарықтандыру бойынша елеулі жұмыс атқарды.

Жалпы есеп бойынша 2025 жылдың алғашқы кезеңінде 1 758 көшеге 35 218 дана жарық шам орнатылды. Бұл жұмыстар қаланың барлық бес ауданын қамтыды:

           •          Абай ауданында – 721 көшеге 12 787 жарық шам;

            •         Әл-Фараби ауданында – 72 көшеге 776 жарық шам;

            •         Еңбекші ауданында – 239 көшеге 7 096 жарық шам;

            •         Қаратау ауданында – 413 көшеге 10 253 жарық шам;

            •         Тұран ауданында – 313 көшеге 4 306 жарық шам орнатылып, қаланың жарықтандыру картасын айтарлықтай кеңейтті.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жалғасуда. Жыл соңына дейін қосымша 985 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылдың соңына қарай Шымкент қаласының барлық көшелері 100 пайыз жарықтандырумен қамтамасыз етіледі. Бұл қадам мегаполисті Қазақстандағы ең жарық әрі тұрғындар үшін қауіпсіз қалалардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.

Барлық жарық шамдары толық орнатылып, іске қосылғаннан кейін, 2 743 көшедегі жарық желілерін күтіп ұстау және қызмет көрсету жұмыстары Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасына өткізіледі деп жоспарлануда. Бұл жүйенің ұзақмерзімді әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге негіз болады.

Жарықтандыру жүйесін жаңғырту және кеңейту шаралары қала тұрғындарының қауіпсіздігін, әсіресе қараңғы уақытта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының жайлылығын айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар, жаңа жарықтандыру инфрақұрылымы қала көркін жақсартып, тұрғындар мен қонақтарға жайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді.