Отбасы құндылықтары  қоғамның басты бөлігі

жиын өтті

Қазір қоғамда қыз тәрбиесі өте өзекті мәселеге айналды. Қыз арқылы ұлт тәрбиеленеді дейтін ата дәстүрі бүгінде кенжелеп қалған. Әр үйдің сыры басқа болғанымен, қазақилықтың иісі ұлттың болмысында аңқып тұруы тиіс. Әйтпегенде, күн өткен сайын шетелдік сарындағы кейбір әдеттер бала бойына сіңіп кеткен. Ал, бұған себеп тағы да отбасындағы құндылықтардың орынының ауысуы немесе жойылуынан деп білеміз.

Дәстүрді сақтап, әже тәрбиесін көрген арулар аз. Сәйкесінше аталы сөздің салмағын сақтап, ер азаматқа сай мінезі қалыптасқан жігіттерде көп емес. Бұның салдары бірер жылда анық көрінбегенімен уақыт өте келе, ұлттық болмыс жоғалуы мүмкін. Осы ретте Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында «Отбасы құндылықтары» тақырыбында жиын өтті. Жан-жақты талқылаулар болған іс-шараға спикер ретінде профессор, биология ғылымдарының докторы, «Экомед» клиникалар тобының және «NGG» халықаралық репродукция орталығының негізін қалаушы, ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова келді.

Өзінің өмір жолындағы ең маңызды шешімдер мен әже тәрбиесінің маңызын жастарға айтты.

– Әкемнің тұңғышымын. Қазақ салтында, тұңғыш бала ата-әжесіне беріледі. Солай ата-апамның махаббатына қанып өстім. Жұлдызым, өмірі баянды болатын шам-шырағым, ақылдым, табандым деген сынды баталарын естідім. Қазір біздің қоғамға жетпейтін дәл осы әженің асыл сөздері. Сол арқылы бола ертеңіне сеніп өседі. Ал, қазіргі ажырасу деңгейінің күн санап өсіп келе жатқаны әлеуметтік желідегі ақылшылардың көп болуынан деп білемін. Өйткені, кез-келген парақшаны ашсаң, өзін психолог, коуч-тренер, сапалы өмір сүруді үйретемін деп таныстырып жатады. Бірақ өзі не отбасында, не бизнесте жолы болмаған бейбақ болып шығады. Сол азаматтар, әуелі өзіңді сүй, өзіңді құрметте, тапқаныңды өзіңе жұмса деп айтады.

Ал, оның түбі айналып келгенде маркетингке келеді. Дәл осы сөзді тыңдап, осы жолмен жүретіндер кез-келген нәрсені үстіне жапыстырғыш, бетіне бояу жаққыш келеді. Өйткені ол өзін жақсы көреді ғой. Жалпы, айтқанда қоғамдағы отбасы құндылығы тек ер мен әйелге қатысты. Әйел сабырлы болса, еркек нан тапқыш болса отбасынан береке кетпейді,-дейді Салтанат Берденқызы.

Жиын барысында жастар сұрақтар қойды. Тек отбасылық құндылықтар ғана емес, жоғары медицина ғылымдарының жетістіктері де сөз болды.