Шымкент қаласының Орталық саябағында полицияның бастамасымен түсірілген «BalaZan – балалық шақтан заң жолымен» атты анимациялық фильмнің алғашқы бөлімі таныстырылды. Премьера 500-ден астам бала үшін ашық аспан астында үлкен LED-экранда көрсетілді.
Аталған анимациялық жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және “Заң мен Тәртіп” идеологиясын ілгерілетуге бағытталған. Фильмнің басты мақсаты – балаларға заңның, әділдіктің және қоғамдық тәртіптің мәнін қызықты әрі түсінікті түрде жеткізу, заңға құрметпен қарау мен адалдықтың – мықты әрі жауапты азамат болудың кепілі екенін көрсету.
Мультфильмнің басты кейіпкері – Қазақстанның тәуелсіздігі мен күш-қуатын бейнелейтін Барыс. Ол балаларға адал болудың, өзгелерді құрметтеудің және ережелерді сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді.
Көрсетілім жылы және мерекелік атмосферада өтті. Қонақтар үшін жол қозғалысы қағидалары бойынша викторина ұйымдастырылып, кинологтар, арнайы жасақ және криминалистердің жұмысы таныстырылды, сондай-ақ полиция қызметіне арналған фотокөрме қойылды.
Балалардың мерекелік көңіл-күйі қуыршақ театры мен Шымкент циркінің әртістерінің нөмірлерімен толықтырылды. Жол қозғалысының жас инспекторлары да белсенділік танытып, жол жүру қауіпсіздігі туралы шағын көрініс қойды.
Іс-шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылар ізгі ниеттің символы ретінде түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды.
Жоба авторлары «BalaZan» тек мультфильм емес, сонымен қатар балаларға заңның, әділдіктің және өзара құрметтің құндылығын жарқын бейнелер мен оқиғалар арқылы түсіндіретін тәрбиелік бастама екенін атап өтті.
– Біз әр баланың заңды қорған деп түсінуін мақсат етеміз. Егер бала кезден оның мәнін ұғындырсақ, әділдік пен тәртіпті қадірлейтін ұрпақ өседі, – дейді полицейлер.
Анимациялық жоба жалғасын табады: алдағы уақытта кішкентай көрермендерге қауіпсіздік, адалдық және жауапкершілік туралы баяндайтын Барыстың жаңа оқиғалары ұсынылады.
Шымкент Қаласының ПД
 

 
		 
		 
		