Ағымдағы жылдың 7 желтоқсан күні Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының «Парасат жолы» орталығында ақын, «Алтын қалам», «2019 — Жылдың үздік жүлдегері» марапаттарының иегері Дәркен Танабаевпен «Таңғы шуақ. Парасат поэзиясы» атты онлайн сыр-сұқбат өтті.
Кездесуде жеке тұлғаның қадір-қасиеті, тұлғалық кемелдігін білдіретін парасат ұғымы жайында кеңінен әңгіме өрбіп, ақын парасаттылықтың қайнар көзі – қазақтың көркем әдебиеті екендігін оқырмандардың назарына жеткізді.
Автор шығармашылығындағы жаңалықтармен бөлісіп, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
8 желтоқсан күні қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Гүлбақыт Дулатова «Парасат жолы» жобасы аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен кездесті.
Штаб мүшесі сыбайлас жемқорлықпен күрестегі жастардың белсенділігіне тоқталып, «Саналы ұрпақ», «Парасат жолы» жобаларының маңыздылығынан хабардар етті. Бүгінгі студент – ертеңгі маман, еліміздің болашағы екендігін алға тартып, кез-келген істе адал болуға, қазіргі жастарға берілген мүмкіндіктерді пайдаланып жақсы оқуға, әрдайым ізденісте болуға шақырды.
Сондай-ақ, Абай атындағы орталық кітапханада «Парасат жолы» аясында Құрманғазы Сағырбайұлының 202 жылдығына орай «Күмбірлеген күй күмбірі» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Осы тұрғыдағы парасаттылық құндылықтары дәріптелген жиын Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің студенттерімен өтіп, ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі А.Сарманов қатысты.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті