Сібір жарасы — бұл Bacillus anthracis қоздырғышымен шақырылатын, клиникасында терінің серозды геморрагиялық қабынуымен, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен, қызба және интоксикациямен сипатталатын жедел бактериальды зоонозды инфекциялық ауру.
Шымкентте қала әкімінің орынбасары А.Кәрімовтің төрағалығымен Шымкент қаласы аумағында «Сібір жарасы» ошағы көмілген жер учаскелерінің санитариялық-қорғау аймағын қалыптастыру жөнінде жиын өтті.
Аталған жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, жер ресурстарын басқару департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің өкілдері және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының, «Холдинг «QazBioPharm» акционерлік қоғамның басшылары, сонымен қатар жергілікті басқарма басшылары мен басқармаға қарасты «Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде жиынға қатысушылар:
— қала аумағында орналасқан «Сібір жарасы» ошағы көмілген мал қорымдары аумағын талапқа сай ұстау жұмыстары;
— санитариялық-қорғау аймағынының талаптарын сақтау шаралары;
— «Сібір жарасы» ауруының алдын алу туралы қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелерін талқылады.
Жиын барысында қала әкімінің орынбасары А.Кәрімов мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен басшыларының айтылған ұсыныс-пікірлерін тыңдап, қала аумағында «Сібір жарасы» ошағын талапқа сай ұстау жөнінде тиісті іс-шараларды жүргізу бойынша тапсырмалар берді.