Шымкентте қоғамдық-саяси күштер бірікті

қоғамдық-саяси күштер

Шымкент қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалициясы құрылды. Коалицияның негізгі міндеті – референдумға шығарылған өзгерістерді тұрғындарға кеңінен түсіндіру, ашық әрі мазмұнды қоғамдық диалогты қамтамасыз ету және азаматтардың науқанға саналы түрде қатысуына жағдай жасау.

Шымкент қалалық коалициясының жетекшісі болып Мұрат Жолдыхожаев тағайындалды. Алдағы уақытта құрамында 150 адамы бар коалиция жұмыс істейді. Олардың қатарына саяси партия өкілдері, партиялық жақтастар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар белсенділері тартылған. Үгіт-насихат кезеңінде коалиция мүшелері бекітілген желілік кестеге сәйкес онлайн және офлайн форматта кездесулер, пікірталастар мен түсіндіру іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, кеше Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, партия төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Коалиция құрамына бес жетекші саяси партия – «AMANAT», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», «Қазақстан Халық партиясы» және миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енді.

Барлық саяси күштер қабылданатын Жаңа Ата Заң жобасына бірауыздан қолдау білдіріп отыр. Ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа қатысты енгізілмек. Бұл жалпы мәтіннің 84 пайызын құрайды. Жаңа редакция 11 бөлім мен 96 баптан тұрады (бұрын 9 бөлім, 99 бап болған).

Қалалық коалиция жұмысы алдағы референдум қарсаңында қоғамды топтастырып, әрбір азаматтың пікірін ескеруге және елдің болашағына қатысты маңызды шешімге белсенді қатысуына бағытталмақ.