Шымкент қаласында қыс мезгілінде тұрғындардың бос уақытын тиімді және мазмұнды өткізуіне жағдай жасау мақсатында ашық аспан астындағы мұз айдындарын ұйымдастыру жұмыстары басталды. Қала аумағында биыл үш ірі мұз алаңы салынып, пайдалануға беріледі. Бұл жобалар жеке кәсіпкерлердің бастамасымен жүзеге асып, мегаполистің қысқы инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосады. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлер арасындағы әріптестік нәтижесінде тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі тартымды қысқы демалыс ортасын қалыптастыру көзделген.
Алғашқы мұз айдыны Байтұрсынов көшесі бойындағы Спорт сарайының жанынан бой көтеруде. Алаң көлемі 550 м² (34×17 метр). Инфрақұрылымы толық жабдықталып, күнделікті қызмет көрсетуге бейімделеді. Мұнда тұрғындар отбасы мүшелерімен, балаларымен бірге коньки теуіп, қысқы көңіл күйді сезіне алады. Ай сайын келушілер саны 20–30 мың адам аралығында болады деп жоспарланған. Бұл қаладағы спорттық белсенділікті арттыруға, жастардың салауатты өмір салтына қызығушылығын оятуға ықпал етеді.
Екінші мұз айдыны – Арбат аллеясы аумағында орналасады. Алаң көлемі 1830 м² (150×12,5 метр). Арбат – Шымкенттің ең танымал жаяу жүргіншілер аймақтарының бірі, сондықтан бұл жерде салынатын мұз айдынына келушілер саны айына 50–60 мың адамға жетуі мүмкін. Мұнда тек коньки тебу ғана емес, түрлі мәдени шаралар, əуендік бағдарламалар ұйымдастырылып, қысқы демалыс ерекше атмосферада өтеді деп күтіледі.
Үшінші мұз айдыны – Астана алаңында салынады. Бұл орталықтағы ең үлкен ашық мұз алаңы болмақ. Аумағы 1800 м² (30×60 метр). Қаланың басты алаңы болғандықтан, мұнда қысқы фестивальдер, спорттық жарыстар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өткізу жоспарланған. Алаңда жарықтандыру, қауіпсіздік жүйесі, жылыту аймақтары, коньки жалға беру пункттері орнатылады.
Қала бойынша қысқы демалыс аймақтарын көбейту – тұрғындардың маусымдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа мұз алаңдары қала тұрғындарының спортқа қызығушылығын дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобалар қаладағы туризмнің дамуына оң әсер етіп, қысқы кезеңді көңілді өткізуге жағдай жасайды.
Қала әкімдігі биылғы қыс маусымын ерекше форматта ұйымдастыруды мақсат етуде. Барлық мұз айдындары қауіпсіздік талаптарына сай салынып, арнайы қызмет көрсету персоналы жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, демалушылардың жайлылығы үшін жылыту бөлмелері, демалыс орындары мен санитарлық аймақтар қарастырылады.
