Шымкентте құжатсыз құрылыс нысандарының анықталуы және алдын алу жұмыстары

2 314 құрылыс нысаны

Шымкент қаласында заңсыз және құжатсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау және заң шеңберінде шешу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жер телімдерін зерделеу барысында қала аумағында құжатсыз салынған және мемлекет жерін заңсыз иелену фактілері анықталды. Қазіргі таңда осындай 2 314 құрылыс нысаны тіркелген. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбектің қатысуымен өткен брифингте хабарланды.

Анықталған нысандардың аудандар бойынша бөлінуі келесідей:

            •         Абай ауданында – 1 493 нысан;

            •         Тұран ауданында – 283 нысан;

            •         Еңбекші ауданында – 251 нысан;

            •         Қаратау ауданында – 234 нысан;

            •         Әл-Фараби ауданында – 53 нысан.

Олардың ішінде 1 831 нысан адам тұруға жарамды деп танылса, 483 нысан жарамсыз болып есептелді. Бүгінде жарамсыз деп танылған 187 құрылыс және үй салу үшін құйылған 63 іргетас бұзылды. Ал адам тұруға жарамды нысандардың құжаттарын рәсімдеу мәселесі ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес сот тәртібімен қаралады.

Шымкент қаласы әкімдігі мен Жер ресурстарын басқару департаменті қала аумағында жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану, заңсыз құрылыс пен жер иеленудің алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіп келеді. Мақсат – тұрғындарға қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз ете отырып, қала инфрақұрылымының дамуын бақылау.

Құжатсыз және заңсыз құрылыс нысандарының анықталуы қала дамуының үйлесімділігі мен тұрғындардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды шара болып табылады. Жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау, жерді нысаналы мақсатқа сай пайдалану ережелерін орындау міндеттеледі.

Қала әкімдігі тұрғындарды құжатсыз құрылыс жасауға жол бермеуге шақырып, барлық заңсыз әрекеттерге қатысты дер кезінде шара қолданылатынын ескертеді. Сонымен қатар, тұрғындардың құқықтарын қорғау және заңды құрылыс салуға қолдау көрсету мақсатында тиісті ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.