Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды

Шымкентте 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына алынды

2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары қарқынмен жүргізілуде. Қаланың Жер қатынастары басқармасы жүзеге асырып жатқан бұл процесс мегаполистің Бас жоспарына сәйкес атқарылып, қаладағы жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Есепті кезең ішінде барлығы 341 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде:

* 298 учаскенің иесіне иеліктен шығару туралы келісімшартқа сәйкес ақшалай өтемақы төленді;

* 43 жер телімінің иесіне құны тең жаңа жер учаскелері ұсынылды.

Бұл жұмыстар азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғау, өтемақыны әділ және уақытылы төлеу, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеру қағидаттары бойынша жүзеге асырылуда. Әрбір жер иесімен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ұсынылатын өтемақы немесе балама учаске туралы толық ақпарат берілді.

Жерлерді мемлекет мұқтажына қайтарудың басты мақсаты – Шымкент қаласының негізгі көшелерін кеңейту, магистральдық жолдарды салу, жаңа көлік айырықтарын іске қосу және қоғамдық көлік маршруттарының қозғалысын жеңілдету. Қаладағы жыл өткен сайын артып келе жатқан көлік саны кептелістердің көбеюіне себеп болып отырғаны белгілі. Осыған байланысты жол желісін кеңейту, жаңа бағыттарды ашу және көлік қауқарын арттыру күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

Мемлекет меншігіне қайтарылған учаскелердің басым бөлігі – болашақта салынатын транзиттік көшелер, жолайрықтар, магистральдық бағыттар мен инженерлік-коммуникациялық желілер өтетін аймақтар. Бұл жобалар жүзеге асқан соң қала ішінде көлік қозғалысы айтарлықтай жеңілдеп, жүк көліктерінің белгілі бір маршруты реттеліп, қоғамдық көлік жылдамдығы артады деп күтілуде.

Сонымен қатар бұл жұмыстар әлеуметтік нысандардың айналасындағы қауіпсіздікті арттыруға да әсер етеді. Жаңа жолдардың салынуы мектептер мен балабақшалардың маңындағы жүк көліктерінің қозғалысын азайтып, жаяу жүргінші инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.