Қыз баланың тәрбиесі қашан да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Шымкент қалалық №6 емхананың мамандары емханаға қарасты білім ордаларында түсіндірме жұмысын жүргізді. Психолог-маман Гулжан Расулқызы қалалық №87 мектепте қыздармен арнайы жиын өткізді. «Ерте жүктілік несімен қауіпті, айналадағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас, отбасындағы тәлім-тәрбие, отбасындағы зорлық-зомбылық кезінде қандай әрекет ету қажет деген» сауалдарға жауап берді.
Басқосуға ата-аналарды да шақырып, олармен әңгіме жүргізді. Кездесу ашық, еркін өтті. Псхологиялық түрлі ойындар ұйымдастырылды.
Өтпелі кезең деп аталатын уақытта жеткіншекте психологиялық тұрақсыздық болады. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздар жағдайды қабылдай алмай, соңында өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайды. Осы жаста жасөспірімдер психологиялық жағына қоса жүктілік қосылады. Ештеңені түсінбейтін қыз бұл проблемамен кімге және қайда барарын білмейді. Психолог айналасына бірдеңені дәлелдегісі келетіндер жаман әдеттер мен ерте жыныстық қатынасқа түсетінін жеткізді.
«Жалпы ерте жүктілік біздің менталитетке байланысты жыныстық тәрбиенің қалыптаспауынан болады. Яғни жыныстық қатынастың соңы жүктілікке әкелуін түсіндіру қажет. Ерте жүктілік тек қана психологиялық күйзелістерді ғана емес, ол физиологиялық тұрғыда да ағзаға үлкен зиянын алып келеді. Себебі жасөспірімнің ағзасы жүктілікке дайын болмайды. Ол жүктілік ананың ғана емес, баланың да өміріне қауіпті. Ананың қызбен, ұлдың әкемен жақын, сенімді қарым-қатынас орнатуы, ашық сөйлесуі, түсіндіру және де қандай жағдай болмасын ата-анаға сенім арта білуін қамтамасыз етуі қажет. Егер ата-ана баласымен, қызымен ашық сөйлесуге ұялса, кітап және басқа да материалдарды оқытса болады», – дейді психолог.
Маманның айтуынша, жеткіншектің бұндай әрекеті – оның ішкі жанайқайы. Осы арқылы ол өзін тұлға ретінде көрсеткісі келеді. Бізге анонимді түрде келіп, хабарласатындардың басым бөлігі «Ата-анам мені жақсы көрмейді», «Анам мені неге түсінбейді?» деген сұрақтармен келеді.
«Отбасының жеке мүшелерімен немесе отбасымен қарым-қатынастағы жалпы түсініспеушілік психикалық бұзылуларға әкеледі. Осының салдарынан қыздар ер адамның құшағынан баспана іздей бастайды. Бұл, әрине, көбінесе жыныстық қарым-қатынастағы өмірге әкеледі. Нәтижесінде жүктілік, босанғаннан кейінгі стресс және т.б. Бұл жағдайда біздің психолог ретіндегі жұмысымыз қыздарға шешілмеген проблемалар жоқ екенін көрсету. Өмір жолында кездесетін өз қорқынышытарын қалай жеңу керек екенін түсіндіреміз», – дейді психолог.