Шымкент қаласында тұрғындардың өзекті мәселелері талқыланды

тұрғындардың өзекті мәселелері

Шымкент қаласында өткен азаматтарды жеке қабылдау барысында қала әкімі басқарма басшыларымен және аудан әкімдерімен бірге 250-ден астам тұрғынның өтініштері мен ұсыныстарын қарады. Кезекті қабылдау барысында тұрғындар негізінен қаланың инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымына қатысты сұрақтар қойды.

Көпшілікті толғандырған басты мәселелер – жарықтандыру желілерінің жеткіліксіздігі, электр қуатының тұрақсыздығы, ауыз су мен кәріз жүйесінің сапасы және табиғи газбен қамту деңгейі болды. Сонымен қатар жаңа тұрғын үй массивтері мен әлеуметтік нысандарды инженерлік желілерге қосу жайы да кеңінен қозғалды.

Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен тиісті аудан әкімдіктерінің қатысуымен талқыланды. Әрбір мәселе жеке қарастырылып, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді. Ал қосымша зерттеуді немесе техникалық шешімді қажет ететін күрделі өтініштер бақылауға алынды.

Қала әкімі азаматтардың өтініштерін мұқият тыңдап, көтерілген әрбір мәселенің шешілу барысын өз бақылауында ұстайтынын атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру – қалалық әкімдіктің басты басымдықтарының бірі.

– Әрбір тұрғынның өтініші біз үшін маңызды. Қаладағы мәселелерді шешу тек әкімдік жұмысына ғана емес, тұрғындардың белсенділігі мен өзара түсіністігіне де байланысты. Біз халықпен ашық байланыс орнатып, нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс жүргіземіз, – деді қала басшысы қабылдау барысында.

Қабылдау кезінде азаматтардың өтініштері нақты тіркеліп, әр бағыт бойынша тиісті жауапты мамандарға тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, тұрғындар әкімдік қызметінің ашықтығын және осындай қабылдаулардың жиі ұйымдастырылып тұратынын оң бағалады.

Азаматтарды жеке қабылдау – тұрғындармен кері байланысты нығайтудың және өзекті мәселелерді дер кезінде шешудің тиімді тетігі. Мұндай кездесулер халықтың қала билігіне деген сенімін арттырып, қоғам мен әкімдік арасындағы өзара түсіністікті күшейтеді.