Бір күн бұрын полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықтың сенімі мен кері байланысын нығайту мақсатында мегаполистің 30-дан астам азаматын қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар жедел тергеу бөлімшелері, әкімшілік жергілікті полиция қызметі және кадр жұмысына қатысты өз сауалдары мен өтініштерін білдірді.
Мәселен, 6 жәбірленушінің заңды өкілі болып табылатын заңгер-кеңесші Ахан Райымқұлов генералға жүгінген. Адвокат жеке сұхбатында қамқорлығындағылардың қылмыстық істері тергелу барысында, патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ, қабылдауда болған кейбір жергілікті тұрғындар соңғы кездері алаяқтықтың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірсе, енді біреулері ішкі істер органдарына қызметке түсу мәселесі жайында сөз қозғады.
Өз кезегінде Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Қ.Дәлбеков ПД басқармалар мен аудандық ішкі істер басқарма басшыларына; «Қылмыстық істерді тергеуде қағазбастылыққа жол беруге болмайды. Азаматтардың әрбір арыз-шағымына жедел ден қою, жұмыстағы немқұрайлылықты жойып, әрбір өтініш бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында тиісті шешім қабылдау қажет» екенін айтып, нақты тапсырмалар берді. Айта кетейік, қалалық полиция департаментінде азаматтарды қабылдау әр апта сайын өткізіледі.
Шымкент қ. ПД бастығы полиция генерал -майоры Қайрат Дәлбеков