Ғабит Сыздықбеков қаланы сумен қамту, кәріз жүйесінің жағдайымен танысты.»Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бас директоры Анарбек Орман қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін және ағынды су тазартумен айналысатын кәсіпорынның қызметі туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Соның ішінде өндірістік процестерді автоматтандыру мен цифрландырудың нәтижесінде бірқатар бағыттар бойынша өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік туып отырғаны сөз болды. Анарбек Орман көтерген мәселелердің бірі – халыққа қызмет көрсетуде күндіз-түні еңбек ететін мамандар жалақысы төмен, салдарынан кадрлардың тұрақтамауы байқалады. Ғабит Сыздыбековтен осы мәселені шешуге қолдау көрсетуін сұрады. Кәсіпорын жұмысымен таныстыру барысында кәріз-тазарту құрылғылары кешенінің айналасындағы санитарлық-қорғау аймағының мәселесі де қозғалды, бүгінде кешені маңына тұрғын алаптары тым жақын орналасқан. Ал ағынды суды тазарту барысында жағымсыз иістің шығатыны анық. Кәсіпорын әкімшілігі иісті болдырмау үшін көптеген шараларды қолға алып отыр.
Шымкент халқының өсуіне, жаңа тұрғын үй кешендерінің, шағынаудандардың бой көтеруіне байланысты тазарту құрылғылары кешенінің қуаттылығын арттыру мәселесі туындауда. Ол заңды нәрсе. Оған қоса, жауын-шашын, қар суы да кәріз желісіне қосымша жүктеме, ағынды судың көлемін арттырады. Сондықтан да қазіргі кезде кешеннің қуаттылығын тәулігіне 50 мың текше метрге ұлғайту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталса, келер жылдың соңынан бұл кешен тәулігіне 200 мың текше метр ағынды суды өңдей алады. Бірақ бұл әрекет мегаполистегі жағдайды түбегейлі шешеді деген сөз емес. Кәріз мәселесі қалада толыққанды шешілуі үшін тәулігіне 350 мың текше метр ағынды су өңдей алатындай қосымша құрылғылар салу қажет. Алайда, жаңа Кешенге қатысты жобалау-сметалық құжаттар әлі дайын емес. Анарбек Орман қала әкімінен осы мәселеге ерекше назар аударуын сұрады.
Жалпы, кездесу сәтті, іскерлік деңгейде өтті. Шымкент әкімі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директорын мұқият тыңдап, өз кезегінде бірқатар сұрақтарын қойды, өз ұсыныстарын да айтты. Ғабит Сыздыбековтің жоспарында алдағы уақытта қаланы сумен жабдықтау саласындағы цифрландыру процесімен етене танысу үшін «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің орталық кеңсесін аралау да бар.