Жеңілдіктер, тиімді жобалар, сәтті географиялық орналасу, бос нарық бағыттары, агроөнеркәсіп саласында шетел инвестициялар көлемінің артуына септігін тигізеді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қытай халық республикасынан келген инвесторлармен кездесті.
Жиында қала басшысы инвесторлармен байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.
– Қош келдіңіздер! Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын! Біздің қала Орталық Азияда инвестициялар, технологиялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болу үшін зор әлеуетке ие. Сол себепті қызығушылық танытқан инвесторларға әрдайым есігіміз ашық. Бұл ретте Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтқым келеді. Ендігі кезекте нақты ұсыныстарыңызбен бөліссеңіздер, – деді Ғ. Сыздықбеков.
«Қытайдың темір жолы № 3 Инженерлік Корпорациясы» ЖШҚ-ның бас директоры Луй Кай Шымкентке екінші рет келіп тұрғанын айтып, 2 200 жылдық тарихы бар қаланың келбеті көркем екенін алға тартты. «Үшінші мегаполистің дамуы әбден жарасымды. Осы орайда қаланың көркем келбетін арттыра түсу үшін ортақ күш салу мақсатында келіп отырмыз. Біздің мемлекеттік компанияның жобалары үздік, әлемдік бәсекелесте озық тұр. Іске асырған жұмыстарымызды сізге ұсынып, өзара ынтымақтастықты қоқыс қалдықтарын өңдеу жобасынан бастасақ», – деді.
Кездесу барысында қала әкімі қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салуға ниетті компания басшысына: «Екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Кез келген жоба, ең алдымен, қарапайым халыққа тиімді болуы керек. Сондықтан ұсыныстарыңызды жан-жақты зерделеуіміз керек», деп жауабын берді.
Кездесу соңында бас директор Луй Кай қарбалас жұмыс барысында қала әкімінің кездескеніне ризашылығын білдірді.