Қаратау ауданының тұрғындары қала әкіміне ризашылықтарын білдіріп, «Шымкент әкімін кабинеттен емес, халықтың ортасынан табасың» деген пікір айтты. Бұл – ел мүддесін алдыңғы орынға қойған басшылықтың ашықтығы мен халыққа жақын болуға деген ұмтылысының айқын көрінісі.
Шымкент қаласының әкімі Ғ. Сыздықбеков тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, олардың мәселелерін көзбе-көз тыңдауды дәстүрге айналдырған. Әрбір шағынаудан мен тұрғын алабында ұйымдастырылатын кездесулерде тұрғындар жол, жарық, қоғамдық көлік, ауыз су, абаттандыру сынды күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелерді көтереді. Әкім сол сәтте жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын түсіндіреді.
Мәселен, соңғы кездесулердің бірінде тұрғындар аулаларды жарықтандыру мен балаларға арналған ойын алаңшаларын көбейту жайын көтерді. Әкім бұл мәселені шешуді Қаратау ауданы әкімдігі мен жауапты мекемелерге тапсырды. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің жүріс жиілігін арттыру, көшелерді асфальттау мен қоқыс шығару жұмыстары да талқыланып, нақты шаралар жоспарланды.
Тұрғындармен жүздесу тек шағымдарды тыңдау емес, бірлесе шешім қабылдаудың алаңына айналған. Қаратау ауданы тұрғындарының айтуынша, әкімнің тікелей халықпен кездесіп, олардың пікірін ескеруі – сенім мен жауапкершілікті арттырады. «Біз әкімді кабинеттен емес, көшеден, халықтың арасынан көреміз. Бұл – бізге ерекше қуат береді», – дейді олар.
Әкімнің бастамасымен Шымкентте «Ашық әкімдік» қағидаты жүзеге асуда. Бұл – мемлекеттік органдардың халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жүйе. Әрбір кездесу соңында айтылған мәселелер бақылауға алынып, шешімін тапқанша назардан тыс қалмайды.
Шымкент қаласының тұрғындары үшін мұндай ашықтық – үлкен мүмкіндік. Олар өз ойларын тікелей жеткізіп қана қоймай, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын да көріп отырады. Ал бұл өз кезегінде билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, қаланың дамуына серпін бермек.