Шымкент әкімі маңызды нысандарды аралады

Шымкент әкімі маңызды нысандарды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар стратегиялық және әлеуметтік нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.

Энергетика нысаны

Алдымен қала басшысы Тұран шағынауданындағы қуаттылығы 220/110/6 кВ «Қазығұрт» қосалқы станциясын кеңейту жобасын бақылап шықты. Бұл жоба тұрғын алаптарды және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге бағытталған. Әкім энергия тұтыну көлемінің артуына байланысты жабдықтың сенімді жұмысын қамтамасыз ету, жүктемеге тұрақты бақылау жасау және техникалық қызмет көрсетуді уақытылы ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

Арнайы экономикалық аймақ

Одан кейін Ғабит Сыздықбеков «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында болды. Мұнда ол резиденттердің шикізаты мен дайын өнімін тиімді жеткізуге мүмкіндік беретін теміржол құрылысының барысын тексерді. Бұл жоба логистикалық инфрақұрылымды дамытуға әрі аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді. Әкім мердігер ұйымға құрылысты мерзімінде аяқтау қажеттігін ескертіп, Мемлекеттік кірістер департаментінің кеден бекетінде де болып, рәсімдердің ашық әрі жедел жүргізілуінің маңыздылығына тоқталды.

Әлеуметтік нысандар

Қаратау ауданында қала әкімі Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінде салынып жатқан 300 орындық жатақхана құрылысын бақылады. «Бұл жоба – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді әкім. Сонымен қатар, №109 жалпы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылыс басқармасына сапаны қадағалап, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау міндетін жүктеді.

Мемлекеттік мекемелер және жол инфрақұрылымы

Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы әкімдігі мен Мемлекеттік кірістер басқармасы орналасқан жаңа ғимаратқа барып, қызмет көрсету сапасы мен тұрғындарды қабылдау жағдайын тексерді. Соңында А-2 айналма жолын қайта жаңарту, Малқаров, Юсупов, Алдияров және Жабаев көшелеріндегі жарықтандыру мен жол жөндеу жұмыстарын қарап шықты. Жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жою тапсырылды.