Шымкент әкімі қала тұрғындарымен бірге ағаш отырғызу акциясына қатысты

Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана»

Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыру және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өз жалғасын табуда.

Аталған шара аясында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында өткен ағаш отырғызу жұмыстарына қатысты. Акция барысында ондаған жас көшет егілді. Бұл ағаштар қаланың көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтары үшін таза әрі жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара кезінде мегаполис басшысы мұндай экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

– Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Қала әкімінің айтуынша, көгалдандыру жұмыстары тек экологиялық емес, әлеуметтік мәнге де ие. Себебі жасыл аймақтар көбейген сайын тұрғындардың өмір сапасы жақсарып, қала ауасы тазара түседі. Сонымен қатар балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, таза әрі жайлы ортада демалуына мүмкіндік туындайды.

Күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының негізгі көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар жасыл инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға және қаланың келбетін көркейтуге бағытталған.

Акцияға қала тұрғындарымен қатар жастар ұйымдары, еріктілер мен қоғам белсенділері де белсене қатысты. Олар табиғатты қорғау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, осындай игі істердің жалғасын табуына қолдау білдірді.

Шымкент қаласы әкімдігі экологиялық мәдениетті қалыптастыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта қала аумағында жаңа аллеялар мен демалыс аймақтарында ағаш отырғызу көлемі артпақ.